Түркістан облысында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар жалғасып жатыр
Түркістан облысында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар жалғасып жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
"Заң және тәртіп" қағидаты аясында Түркістан облысы аумағында жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысы ережелерін бұзушыларды анықтауға бағытталған жедел-профилактикалық іс-шаралар жүргізілуде.
Рейдтік шараларға облыстық полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасы, жергілікті полиция қызметі және патрульдік полиция экипаждары жұмылдырылған. Рейдтер облыстың бірнеше ауданында — Жетісай, Мақтаарал, Қазығұрт, Арыс, Ордабасы, Төлеби, Сайрам, Сарыағаш және басқа да аудандарда өткізілді.
Іс-шара барысында тәртіп сақшылары 334 жол қозғалысы ережесін бұзу дерегін анықтады. Арнайы тұраққа 45 автокөлік қойылды, оның ішінде екі транзиттік көлік пен екі автобус бар. Сондай-ақ екі жүргізушінің көлікті алкогольдік масаң күйде басқарғаны белгілі болды.
Жиі кездесетін құқық бұзушылықтардың қатарында — жолаушылар мен жүктерді тасымалдау ережелерін сақтамау, маневр жасау тәртібін бұзу, жылдамдықты арттыру, көлік құралын басқару кезінде құжаттардың болмауы, техникалық байқаудан өтпеу және қауіпсіздік белдігін тақпау секілді заңбұзушылықтар бар.
Полицейлердің айтуынша, мұндай рейдтер тұрақты түрде өткізіліп отырады. Негізгі мақсат — жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жүргізушілер арасында көлік тәртібін арттыру.
Тәртіп сақшылары жүргізушілерді жолда мұқият болуға және жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады.