Түркістан облысында жол қозғалысы ережесін бұзу деректері анықталды
Түркістан облысында рейд барысында 130-дан астам жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі анықталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысында полицейлер жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзудың жолын кесу мақсатында кең ауқымды профилактикалық рейдтік іс-шара өткізді.
Іс-шара облыстың 12 ауданында өтті. Рейдке Түркістан облысы полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасы мен патрульдік полиция қызметкерлері жұмылдырылды.
Тексеру нәтижесінде жол қозғалысы қауіпсіздігіне қатысты 139 әкімшілік құқық бұзушылық фактісі анықталды. Оның ішінде:
қауіпсіздік белдігін тақпау – 22 дерек;
жылдамдық режимін асыру – 19 дерек;
маневр жасау ережелерін бұзу – 14 дерек;
көлік құралын құжатсыз басқару – 12 дерек;
көлікті заңсыз қайта жабдықтау – 8 дерек;
жаяу жүргіншілер жолағында ереже бұзу – 11 дерек.
Сонымен қатар 20-дан астам автокөлік мамандандырылған айыптұраққа қойылды.
Полиция қызметкерлерінің айтуынша, мұндай рейдтік және профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде жалғасады. Негізгі мақсат – жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алу ғана емес, сонымен қатар жол қозғалысына қатысушылардың құқықтық мәдениеті мен жауапкершілік деңгейін арттыру.
Тәртіп сақшылары жүргізушілерге жолда қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтаудың маңыздылығын түсіндіріп, сақтық шараларын естен шығармауға шақырды.
Есіңізде болсын: жол қателікті кешірмейді!