Түркістан облысында жүгенсіз жүргізушілер жедел жауапқа тартылды
Түркістан облысында жүгенсіз жүргізушілер жедел жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы ПД патрульдік полиция тобының назарына Алматы – Ташкент – Термез тас жолының 670 шақырымында мектеп бітіргендердің 10 жылдықты атап өту кезінде көліктер шеруін ұйымдастырған бірнеше көлік ілікті. Полиция қызметкерлері бейнежазбадағы жол ережесін бұзып, басқа көліктердің жүруіне кедергі келтірген, жолаушылары көліктің терезесінен денесін шығарып отырған көліктерді анықтауға бірден кірісті.
Нәтижесінде, бейнежазбадағы Toyota Land Gruizer Prada, Toyota Rav4 көліктерінің кімге тиесілі екені, жүргізушілері анықталды. Бұл екі жүргізуші Шымкенттің 20 жастағы тұрғыны болып шықты. Жол қозғалысы ережесін бұзған көлік тізгіндеушілерге түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Сондай-ақ Toyota Rav4 жүргізушіне ҚР ӘҚБтК-нің 614-бабымен (Көлік құралдарының жүруіне кедергі келтіру) хаттама толтырылды. Ал Toyota Land Gruizer Prada жүргізушісіне ҚР ӘҚБтК-нің 593-бабымен (Жол жүрісі қағидаларында көзделген жолаушыларды және жүктерді тасымалдау, қауіпсіздік белдіктерін немесе мотошлемдерді пайдалану жөніндегі талаптарды сақтамау) әкімшілік шара көрілді.
Бұдан бөлек бейнежазбадағы тағы бірнеше көлік жүргізушісінің жеке басы расталып, тез арада тауып, жауапқа тарту жұмыстары жүргізілуде. Өз кезегінде көлік тізгіндегендер мұндай бассыздықтарға алдағы уақытта жол бермейтіндіктерін жеткізді.