Түркістан облысында жыл басынан бері алаяқтық бойынша 500-ге жуық қылмыс тіркелді
Түркістан облысында жыл басынан бері алаяқтық бойынша 500-ге жуық қылмыс тіркелді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алаяқтық – Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 190-бабына (Алаяқтық) сәйкес, бөтеннің мүлкін жымқыру, алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлікке құқықты иемдену. Бүгінде ақпараттық жүйені пайдаланып, алдау, арбау арқылы ақшалы болудың ең көп таралған жері – сауда-саттық маңы.
Бұл бағытта полиция қызметкерлерінің атқарар рөлі ерекше. Олар аталмыш қылмысты ашу үшін жан-жақты тексеру жұмыстарын жүргізіп, күн демей, түн демей қызмет атқарады. Тәртіп сақшыларының жүйелі жұмыстарының нәтижесінде, күдікті құрықталып, өзіне лайықты жазасын алады.
Мәселен, Түркістан облысы бойынша алаяқтықпен былтырғы жылдың төрт айында 529 жайт тіркелсе, осы жылдың төрт айында 448 қылмыс тіркелген. Қылмыстық істің ашылымы 89,4%-ды құрап отыр.
Полиция қызметкерлері кез келген жанға сенбеуді, алаяқтың арбауына түсіп қалмауды ескертеді. Азаматтарға әр түрлі алаяқтардың айла-амалдарына түспеу үшін қырағы болуды ұсынады. Таныс емес адамдарға мүліктеріңізді, жеке мәліметтеріңізді, банк шоттарының кодтарын және ақшаларыңызды, басқа да ақпаратты бермеңіздер.