Түркістан облысында жыл басынан бері мас күйде көлік басқарған 530 жүргізуші анықталды
Түркістан облысында жыл басынан бері мас күйде көлік басқарған 530 жүргізуші анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz
Түркістан облысының полицейлері жыл басынан бері мас халде көлік басқарған 530 азаматты анықтап, оларды әкімшілік жауапкершілікке тартты. Мәселен, Келес аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері қауіпсіздік белдігін тақпаған Audi-80 көлігін тоқтатты. Тексеру кезінде көліктің иесі 2021 жылы Келес аудандық сотының қаулысымен ҚР ӘҚБтҚ-нің 608-бабының 1-бөлігі (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша 7 жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылғаны белгілі болды.
Сонымен қатар, полицей жүргізушінің мас халде болуы мүмкін екеніне күдіктеніп, жүргізушіге бірден сараптама тағайындалды. Нәтижесінде оның мас екені расталды. Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 346-бабы (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру) бойынша тіркеуге алып, қазіргі таңда жүргізушіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Көлік айыптұраққа қойылып, ер адам қамауға алынды. Тәртіп сақшылары ішімдік ішіп, көлік басқарған жүргізушілерге 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу мен 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айыру шарасы қолданылатынын айтты.
Түркістан облысы Полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Алмасхан Тастанбеков облысымыздың тұрғындары мен қала қонақтарына мас халде көлік басқармауды ескертеді. Сонымен қатар, көлікті шаршаңқы күйде басқармауға, ұзақ уақыт жол жүрген жүргізушілердің ұйықтап кетпеуі үшін, демалып алуына кеңес береді. Сондай ақ, Алмасхан Тастанбеков мас халде көлік құралын басқарып, адамдарға орта және ауыр дәрежеде зақым келтірген жағдайда немесе адам қайтыс болса, жүргізушілер зақымның ауыртпалығына қарай 4 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айырылып, өмір бойы көлік жүргізу құқығынан айырылатындығын еске салады.