Түркістан облысында жылдамдықты 7 рет асырған көлік жүргізушісі тоқтатылды
Түркістан облысында жылдамдықты 7 рет асырған көлік жүргізушісі тоқтатылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысында құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде Кентау қаласында белгіленген жүру жылдамдығын арттыру бойынша бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған Chevrolet Cobalt автокөлігі анықталып, айыптұраққа қойылды.
Аталған көлік құралының жүргізушісіне жылдамдықты белгіленген мөлшерден асыру бойынша 7 рет әкімшілік шара көрілген. Жинақталған айыппұл көлемі шамамен 1 миллион теңгені құрайды.
Автокөлік жүргізушісі заманауи технологиялардың бірі – "Қорғау" жүйесі арқылы анықталды.
Жүйе құқық бұзушылықтарды жедел анықтап, тиісті шаралар қабылдауға және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Полиция қызметкерлері жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтап, белгіленген жылдамдық режимін бұзбауға шақырады.
