Түркістан облысындағы 60-тан астам ауылда ішімдік сатылмайды
Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов облыс тұрғындарына онлайн режимде есеп берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
17 ауданның полиция басшылығы бейнеселектор арқылы қосылды. Есеп беру трансляциясы департаменттің ресми парақшасында тікелей эфирде жүргізілді.
- Облыс бойынша 61 ауыл (Дермене, Табысты, Жаңажол, Нұртас, Мәдениет және т.б.) ішімдік сатудан бас тартты. Бұл арақсыз ауылдар құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алуда маңызды рөл атқарады. Аталмыш ауылдарда соңғы бірер жылда қылмыс тіркелмеген, тәртіп пен тыныштық орнаған. Осындай берекелі ауылдар өзгелерге үлгі болуы тиіс, - деп атап өтті ПД бастығы М.Қабденов.
Сондай-ақ “Заң мен тәртіп” қағидаты бойынша өңірде атқарылып жатқан профилактикалық іс-шаралар мен ҚР ІІМ Е.Сәденовтің 2025 жылды Профилактика жылы деп белгілеуіне байланысты өткізіліп жатқан іс-шараларды тілге тиек етті. Қылмыс деңгейі азайғанын жеткізді.
Мәселен, Түркістан облысында 2024 жылы тіркелген қылмыстық құқық бұзушылық саны 3,2 пайызға төмендеген. Ұрлық – 38,7%-ға, мал ұрлығы – 43,7%-ға азайған. Пәтер ұрлығын жасаған - 8, алаяқтық қылмыстарын жасаған - 23, мал ұрлаумен айналысқан 16 қылмыстық топ ұсталды.
Жиынның сұрақ-жауап бөлімінде тұрғындар тергеу саласы бойынша бірқатар сұрақ жолдады. Оған қоса қоғамдық орындардағы қауіпсіздік, нөлдік төзімділік, алаяқтық қылмысы, мал ұрлығының алдын алу, патрульдік полицейлердің қызметі, камералар орнатуға қатысты түрлі сұрақтар келіп түсті. Жалпы, жедел желі мен әлеуметтік желі арқылы 100-ден астам сұрақ түсіп, барлығына дерлік сол мезетте жауап берілді.
Жалпы, ПД бастығының әлеуметтік желідегі парақшасында 13 мыңнан астам жазылушы бар. Полиция басшысы желі қолданушыларымен күнделікті байланыста екенін, олардан келіп түскен сауалдарға уақытылы жауап беретінін жеткізді. Өз кезегінде полиция басшысы М.Қабденов криминогендік жағдайдың тұрақты болуы үшін жеке құрам алдағы уақытта да жұмыла іске кірісетінін жеткізді. Ал тұрғындар тәртіп сақшыларына сенім білдіріп, жұмыстарына сәттілік тіледі.