Түркістан облысының 3 тұрғынын алдаған күдікті ұсталды
Түркістан облысының үш тұрғынын алдаған күдікті ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сайрам аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын өзінің алаяқтың құрбаны болғанын айтып шағымданды. Жәбірленуші ер адамның айтуынша, өзінің танысы жүргізуші куәлігін алып беремін деп алдап, алдын ала 120 мың теңге ақшасын алған. Арада біршама уақыт өтіп, не ақшасын, не куәлігін алып бермегеннен кейін полиция көмегіне жүгінген.
Полицейлер аталған деректі ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеуге алды. Тәртіп сақшылары тұрғынды алдап, ақшасын алып кеткен алаяқты қолға түсіру, қылмысын ашу мақсатында жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді. Нәтижесінде полиция қызметкерлері алаяқтыққа қатысы бар деген күдікпен жергілікті тұрғынды анықтады.
Тергеу барысында күдіктінің бұдан басқа да алаяқтыққа қатысты үш фактісі тіркеуге алынды. Қазіргі таңда күдікті ер адамға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.