Түркістан облысының 4 полицейі республикалық жарыстан жүлдемен оралды
Түркістан облысының 4 полицейі республикалық жарыстан жүлдемен оралды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
ҚР ІІМ мен «Динамо» дене шынықтыру спорттық қауымдастығы бірлесіп, Шымкент қаласында республикалық жарыс өткізді. Ішкі істер министрлігінің спорттық самбо күресінен XI спартакиадасына республика бойынша 20-дан астам команда қатысты. Палуандар 7 салмақ бойынша сынға түсті.
Түркістан облысы полиция департаменті атынан спортмен тұрақты шұғылданып, түрлі сайыстарда топ жарып жүрген 7 полиция қызметкері қатысты. Олар жарыс бойы өздерінің ептіліктерін, кәсіби шеберліктерін көрсете алды. Нәтижесінде Түркістан облысы полиция департаменті оқу-жаттығу взводының инспекторы Қуандық Еркеғали 88 келі салмақта І орынды иеленді.
Полиция қызметкері Сабыржан Әбілдаұлы 98 келі салмақ бойынша шаршы алаңға шығып, ІІ орынды қанжығалады. Ал жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың инспекторы Алипов Мұхтар 71 келі салмақ бойынша сынға түсіп, ІІІ орынды иеленсе, 58 келі салмақпен күрескен Мұхтар Әбдіхалықов ІІІ орынға шықты. Соның нәтижесінде Түркістан облысынан барған полицейлер командалық есепте 20 команданың ішінде ІІІ орынды алып, жеңіс тұғырынан көрінді.