Түркістан облысының бас полицейі 100 оқушымен кездесіп, өмірлік кеңес берді
Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров мектеп оқушыларымен арнайы кездесіп қайтты, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Өңірдің бас полицейі жас буынмен еркін форматта әңгімелесіп, олардың құқықтық мәдениетін арттыру бағытында профилактикалық дәріс өткізді.
№28 мектепте өткен кездесу барысында тәртіп, жауапкершілік, адалдық және Отанға қызмет етудің маңызы кеңінен талқыланды.

Оқушылар тарапынан қойылған сұрақтар қатарында “Өмірде қабылдаған ең маңызды шешіміңіз, өзіңізге алған үлкен жауапкершілігіңіз, қызмет жолында артылған міндетіңіз” секілді сауалдар болды. ПД бастығы жастардың сұрақтарына тұщымды жауап берді.

— ҚР ішкі істер министрлігі осы жылды “Заң мен тәртіп – қауіпсіз балалық шақтың кепілі” деп жариялады. Осыған орай барлығыңызды ең алдымен жол ережесін сақтауға, түнгі уақытта себепсіз жүрмеуге, әлсізді қорламауға, қатарластарыңызды мазақ етпеуге, құмар ойындарға жоламауға, есірткіге тәуелділік пен электрондық темекі сияқты зиянды заттарға әуестенбеуге, спорт пен білім алуда асқан жауапкершілік танытуға шақырамын, — деп облыстың бас полицейі А.Заппаров оқушыларға өмірлік кеңес берді.
Оған қоса ол білім ордасында орналасқан жеке күзет агенттігінің “Семсер” жұмысын, жедел басқару орталығына қосылған дабыл батырмаларының қызметін тексеріп шықты. Сондай-ақ робототехника кабинетіндегі оқушылардың жұмысымен танысты.

Кездесу соңында мектепте ашылған Ғ.Байтасов атындағы “Жас сақшы” полиция сыныбында жоғары сынып оқушыларымен ашық сұхбат өрбіді.

Мұндай кездесулер – оқушылар үшін үлкен мотивация, сенімді қадам болмақ!

