Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысының бас полицейі 150-ден астам тұрғынды қабылдады

Түркістан облысының бас полицейі 150-ден астам тұрғынды қабылдады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бүгін 26 қараша Түркістан облысында Президенттің “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасына көшудегі міндеттерді жүзеге асыру мақсатында “Азаматтарды қабылдаудың бірыңғай күні” ұйымдастырылды. Аталған іс-шара аясында облыстық Полиция департаментінің бастығы Қайрат Дәлбеков қабылдауға алдын ала жазылған тұрғындармен “ZOOM” интернет платформасы арқылы тілдесті.

Тұрғындардың мәселесін шешу мақсатында жоспарланған шараға департамент бастығынан бөлек орынбасарлары мен полиция басқарма, бөлімдерінің басшылары қатысты.

Қабылдауға жазылған азаматтардың бір бөлігі тікелей эфир арқылы өздерінің арыз-шағымдарын жеткізсе, енді бірқатары тергеушілердің тиянақты жұмысына алғыстарын білдірді. Арасында ішкі істер органына қызметке орналасу бойынша өз сауалын жолдағандар да болды. Облыстың бас полицейі азаматтардың мәселесіне мән беріп, тиісті сала басшыларына тапсырмалар жүктеді. Яғни алдағы уақытта тұрғындар тарапынан түскен әрбір сауал бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілетін болады.

Сондай-ақ полиция генерал-майоры өз сөзінде:

– Полиция халыққа қолжетімді болуы тиіс. Әсіресе жұртқа жақын болуда учаскелік полицейлерге артылар жүк аз емес. Олар әрдайым өз аумағындағы азаматтардың арыз-шағымына ден қойып, қылмыстардың алдын алу жұмыстарын жүргізіп отыруы керек, – деп атап өтті.


Жалпы, жыл басынан бері Қайрат Дәлбеков карантин талаптарын сақтай отырып, 158 адамды қабылдады, оның ішінде онлайн-режимде – 69. Олардан түскен сұрақтардың басым бөлігі өз мерзімінде шешімін тапқан.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру