Түркістан облысының бас полицейі демалыс орындарын тексерді
Түркістан облысының бас полицейі туристер мен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жаңадан салынып жатқан демалыс орнына барды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүгін жұмыстан тыс уақытта Түркістан облысы Полиция департаментінің басшысы Мұрат Қабденов демалыс аймағын аралап, тексеріп қайтты. Бұл сапардың басты мақсаты –туристер мен тұрғындарға қызмет көрсететін аймақта демалушылардың қандай да бір оқыс оқиғаға, апатты жағдайға ұшырамасы үшін алдын ала қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолдарын қарастырып, полицейлерді бекіту.
Облыстың бас полицейімен бірге құрылыс басына Сауран ауданының әкімі Ғани Рысбеков, Сауран АПБ бастығы Даул Панзабеков, құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан нысанның бас құрылысшысы Марат Мусин де болды. Олар демалыс орнының адамдар үшін қауіпсіздігі, қорғалу аймағы, қауіпсіздіктің қамтамасыз етілуі аясындағы маңызды мәселелерді құрылыс аймағының басында тұрып талқылады.
Түркістан облысы ПД басшысы жобаның жоспарымен танысып, ерекшеліктеріне көңіл бөлді. Болашақта демалыс аймағы пайдалануға берілгенде онда қауіпсіздікті қадағалау үшін полицейлер қызмет ететінін жеткізді.
– Еліміздің жүрегі саналатын рухани астанамыз – Түркістан Президенттің тиянақты тапсырмалары мен ерекше көңіл бөлуінің арқасында тамсандырып, сүйсіндіретіндей әсем қалаға айналып келеді. Туристердің тарихи қалада саяхаттап, демалуы үшін теңдесі жоқ нысандар бой көтеріліп, демалыс орындарының саны артуда. Мұндай кезде тәртіп сақшысы ретінде біз де өз үлесімізді қосып, қаладағы қауіпсіздікті толыққанды қамтамасыз етуіміз қажет. Келген әрбір қонақ пен осындағы тұрғын жайлылық пен қауіпсіздікті сезініп, емін еркін жүре алуы керек. Қылмыс қатары азайып, ең қауіпсіз өңір болуы үшін бар мүмкіндігімізді пайдаланатын боламыз. Мәселен, осы демалыс аймағында стационарлық бекеттер салынып, онда тәртіп сақшылары тәулік бойы қызмет көрсетеді. Бейнебақылау камералары орнатылып, Жедел басқару орталығына интеграцияланады, – деп атап өтті облыстың бас полицейі.