Түркістан облысының бас полицейі халыққа онлайн режимде есеп берді
Түркістан облысының бас полицейі Мұрат Қабденов халыққа онлайн режимде есеп берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл жиын полиция департаментінің әлеуметтік желідегі ресми парақшасы мен ПД бастығының жеке парақшасында тікелей эфир арқылы өткізілді. Есеп беруге департамент басшылығы мен 17 қала, аудандық полиция бөліністерінің басшылары бейнеселекторлық режимде қатысты.
Себебі бүгінгі таңда халыққа онлайн режимде есеп беру қолжетімділік, ыңғайлылық пен ашықтықтың көрінісі. Департамент бастығы желі қолданушыларына полициямен атқарылып жатқан жұмыстардың бір сыпырасын бейнеролик, ал қалғанын баяндама арқылы жеткізді. Мұрат Қабденов облыс аумағындағы қоғамдық қауіпсіздік пен құқық тәртібін қамтамасыз ету бойынша сөз қозғады. Өңірде криминогендік ахуалдың тұрақты және республикада қылмысы ең аз облыс қатарында екенін айтып, жұртшылыққа жүргізілген жұмыстардың статистикалық есебін ұсынды.
Мәселен, облыста тіркелген қылмыс саны 2022 жылмен салыстырғанда 8,9%-ға төмендеген. Ал қоғамдық орында жасалған қылмыс саны 37,4%-ға азайған.
Атқарылған жұмыстардын нәтижесінде пәтер ұрлығын жасаған – 15, алаяқтық қылмыстарын жасаған – 25, мал ұрлаған 27 қылмыстық топ ұсталған. Есептік мерзімде есірткінің заңсыз айналымына қатысты 572 дерек анықталып, заңсыз айналымнан 1 тонна 330 келіден астам есірткі заттары тәркіленген.
Тұрғындар тікелей эфир арқылы 100-ге жуық сұрақ қойды, оның ішінде басым көпшілігі облыс жолдарындағы бейнебақылау камералары, қылмыстық істердің тергелуі, құжат рәсімдеу, қызметке қайта орналасу, сондай-ақ профилактика бойынша болды. Тіпті бір тұрғын бірнеше сауалын жазып, оған өңірдің бас полицейімен бірге тиісті құрылым басшылары да жауап қатып, толыққанды мағлұмат берілді.