Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысының бас полицейі ІІО ардагерлерімен кездесті

Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы М.Қабденовтің бастамасымен ішкі істер органдарының 30-ға тарта ардагеріне арналған келелі кездесу ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облысы Полиция департаментінің мәжіліс залында облыстың бас полицейі Мұрат Қабденовтің бастамасымен ішкі істер органдарында, оның ішінде жедел-іздестіру саласында қызмет атқарған 30-ға тарта ардагерлердің қатысуымен келелі кездесу ұйымдастырылды.

Ардақты ардагерлердің қатарында А.Мухитдинов, М.Ермеков, Б.Тұрдыбеков, М.Кубелеков, Н.Қырықбаев, С.Байдуллин, Ғ.Сыздықов секілді т.б. майталман маман болған ағалар бар.
Мұндағы негізгі мақсат – үлкенге құрмет көрсету, ардагерлерді ардақтау, Наурыз мерекесі қарсаңында жас мамандардың бойына ұлттық құндылықтарымызды сіңдіру, 16 наурыздағы Мемлекет басшысының жолдауында айтылған тұстарын талқылау, сервистік полиция мен жұртқа жақын полиция қағидаты бойынша жобаларды пысықтау, қызметке байланысты аға буынмен тәжірибе алмасу.

– Биыл Қазақстан полициясына 30 жыл толады. Бұл аз мерзім емес. Полицияның жүйесі жаңаруда. Қазіргі таңда елімізде полиция қызметін жақсартуға бағытталған көптеген өзгерістер бар. Ең бастысы, қолжетімді, ашық полиция болу жолында үлкен жұмыстар атқарылуда. Сервистік полиция жобасы да іске асырылуда. Осы орайда сіздердей алдыңғы буын ағаларымыз тұрғанда, біз бақыттымыз деп айта аламын. Сіздердің жұмыс атқару кезіндегі тәжірибелеріңіз, ақыл-кеңестеріңіз біз үшін қашанда қажет әрі ең құнды кітап секілді. Сіздермен бетпе-бет кездесіп, жеке құраммен тығыз байланыстыру арқылы ұрпақтар сабақтастығын жалғағандаймыз. Аман болыңыздар!!, – деп атап өтті Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов.

Осыдан соң аға буынды бастап келген отставкадағы полиция полковнигі Жеткерген Сүйіпбергенов ішкі істер органдарының, оның ішінде жедел-іздестіру қызметі ауыр қызметтердің қатарына жататынын, полиция қызметкерлерінен шыдамдылық пен күрделі шешімдер қабылдай білуді, қылмысты «ізін суытпай» ашуды талап ететіндігін атап өтті.

Осылайша аға буын мен олардың ізін жалғап келе жатқан жеке құрам арасында тағылымы мол әңгімелер өрбіді.

Ардагерлер мен полицейлер ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауын мүлтіксіз орындау, халыққа әрқашан жәрдем беру, арыз-шағымдарды дер кезінде орындап, үш буынды модель аясында жұмыс істеу, сервистік полиция моделіне көшу бойынша атқарылып жатқан шаралар мен жобалар туралы талқылады.

Келелі кездесудің соңында ардагерлерге естелікке ТО ПД бастығы Мұрат Қабденовтің сый-сияпаты табыс етілді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру