Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысының бас полицейі Мұрат Қабденов алғашқы қабылдауын өткізді

Түркістан облысының бас полицейі Мұрат Қабденов алғашқы қабылдауын өткізіп, тұрғындардың мәселесін тыңдады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бүгін “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасы мен полицияның халыққа жанашыр болуы аясында Түркістан облысы Полиция департаментінің мәжіліс залында Мұрат Қабденов тұрғындарды қабылдады. Жеке қабылдау кезінде алдын ала жазылған облыс тұрғындары өздерінің жеке мәселелері бойынша арыз-шағымдарын жеткізді.

Қабылдауға келген тұрғындар өздерінің полицияға қатысты сұрақтары мен ұсыныстарын білдірсе, енді біреулері тергеу саласы бойынша кеңес алуға келген. Қабылдауға келгендердің ішінде ардагерлер де болды. 


Мәселен, Түркістан қаласы Иқан ауылынан келген ардагер Икрам Тұрсыметов өңірдің бас полицейімен кездесіп, маңызды мәселесін жеткізді. Қасиетті аймаққа бас полицей болуымен жаңа басшыны құттықтап, әрбір ісіне сәттілік тіледі.

ПД бастығы Мұрат Талапұлы тұрғындар тарапынан айтылған барлық мәселелерді мұқият тыңдады. Әрбір арыз-шағымға кең көлемде жауап беріп, кеңесін айтты. Сонымен қатар, орынбасарларына тапсырма беріп, халықтың полицияға қатысты мәселелері әрқашанда маңызды екенін жеткізді.

– Бүгін біршама мәселелер бойынша облыс тұрғындарының арыз-шағымдарына жауап бердім. 10-ға жуық тұрғын қабылдауға келіп, тергеу саласы бойынша, шешімін таппай жүрген қылмыстық істер жөнінде шағымдары мен өтініштерін жеткізді. Құқықтық кеңес сұрағандар да болды. Жалпы, тұрғындардың басым бөлігіне сол мезетте жауап бердім, ал қалғанын өз бақылауыма алдым. Осы тұста айта кетсем, алдағы уақытта да әр аптаның сәрсенбі күнінде жеке қабылдауымды өткіземін. Мұнда алдын ала жазылған кез келген өңіріміздің тұрғыны, өз мәселелерін айтуға толық мүмкіндігі бар, – деді М.Қабденов.

Полиция департаменті басшысының жеке қабылдауына келген тұрғындар генералға сәттілік тілеп, өтініштерінің дер кезінде қаралып, бақылауға алынғанына алғыстарын білдірді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру