Түркістан облысының бас полицейі өңір тұрғындарын қабылдады
Түркістан облысының бас полицейі өңір тұрғындарын қабылдады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов өңір тұрғындарын қабылдады. Қабылдауға 15 тұрғын келді.
Тұрғындардың басым бөлігі Кентау мен Түркістан қалаларынан, Сауран мен Сарыағаш аудандарынан келген.
Полиция басшысымен тікелей жүздескен азаматтар ішкі істер саласына қатысты сұрақтары мен ұсыныстарын білдірді. Сондай-ақ, арыздарға байланысты уәждері мен ішкі істер органдарына қызметке орналасу үшін көмек сұрап келгендер де болды.
Кездесуге келгендердің бірі жергілікті тұрғын, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бақытжан Тұрымбетов қаладағы бейнекамералар санын арттыру, жол белгілері мен полиция қызметкерлерінің штат санын көбейтуді айтты.
Тұрғынның айтқандарын мұқият тыңдаған бас полицей Мұрат Қабденов штат мәселесі қолдау тауып, шешілу жолдары қарастырылып жатқанын, рухани астананың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін полицейлердің жеткілікті болуын және бейнекамералардың саны осы жылы да артатынын жеткізді.
Сонымен қатар, жол белгілері бойынша Түркістан облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасымен жолдарды толыққанды жол белгілерімен қамтамасыз ету мақсатында тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын, әрбір жол мұқият тексеріліп, зерделеніп, тиісті орындарға ұсыныс жолданған соң барып қойылатынын айтты.
Маңызды мәселелерді көтеріп, оған тұшымды жауап алған тұрғын Б.Тұрымбетов басшыға алғысын айтып, қызметіне сәттілік тіледі.
ПД бастығы Мұрат Талапұлы тұрғындар тарапынан айтылған барлық мәселелерге ден қойды. Кездесуде қатысып отырған орынбасарларына нақты тапсырмалар берді. Ал бейнеселекторлық режимде қатысқан 17 ауданның полиция басшыларына өздеріне қарасты аумақтың тұрғындарын жиі қабылдап, олардың мұң-мұқтажына уақыт өткізбей мән беріп, тиісті шараларды қабылдау қажеттілігін тапсырды.
– Халыққа жақын боламын десек, жұртшылықтың мәселесіне мән беру мен оларды қабылдау күн тәртібінен түспеу керек. Ешбір тұрғынның арыз-шағымы аяқсыз қалмауы қажет! Олардың қабылдау кезінде айтқандарына құлақ асып, қажет болса істің мән жайын толық түсіндіріп, заң аясындағы жұмыстарды атқару аудандағы барлық басшыларға тапсырылады. Бұл бағыттағы жұмыстарды мен әрі қарай да жалғастыра беремін. Алдағы уақытта облысымызға қарасты қала, аудан басшыларын шақырып, жұмыстарын біртіндеп жіті қараймын. Атқарылып жатқан істердің барлығы заңға сәйкес болуы керек, – деді Түркістан облысының бас полицейі.