Түркістан облысының бас полицейі "Профилактика жылын" қорытындылады
Түркістан облысының бас полицейі "Профилактика жылын" қорытындылады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы полиция департаментінде "Профилактика жылы" аясында атқарылған жұмыстарды қорытындылау және жан-жақты саралау мақсатында маңызды жедел кеңес өтті. Жиынға департамент аппаратының құрылымдық бөлімше басшылары, сондай-ақ қала және аудан полиция бөлімдерінің жетекшілері қатысты.
Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденовтің төрағалығымен өткен жиында басшы құрам баяндама жасап, өңірдегі жедел-қызметтік ахуалға жан-жақты талдау жүргізді.

Атап айтқанда, облыс аумағында тіркелген құқық бұзушылықтар саны 4 911-ді құрап, өткен жылдың есептік кезеңімен салыстырғанда 4,2 пайызға төмендеген. Аса ауыр санаттағы қылмыстар 5,4 пайызға азайса, қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар саны 12,1 пайызға, көшеде жасалған қылмыстар 6,4 пайызға кеміген. Сондай-ақ отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы қылмыстар 10 пайызға, кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалған қылмыстар 15,1 пайызға азайған.
Жиында Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі Ержан Саденовтің 2025 жылды "Профилактика жылы" деп жариялауына байланысты өңірде жүзеге асырылған іс-шаралардың есебі тыңдалды. Департамент бастығы жеке құрамның министрлік жүктеген негізгі қызметтік міндеттері мен тапсырмаларының орындалу барысын саралап, бірқатар бағыттарға ерекше назар аударды.

Атап айтқанда, қылмысқа қарсы күресті күшейту, қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу, полиция қызметін цифрландыру мәселелері кеңінен қаралды. Сонымен қатар интернет-алаяқтық пен есірткі қылмысының алдын алу, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, мас күйінде жасалатын қылмыстарға және кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтарға қарсы қабылданып жатқан шаралар талқыланды.
Жиын барысында генерал Мұрат Қабденов облысқа қарасты 17 ауданның полиция басшыларының әрқайсысынан атқарылған жұмыстар туралы жеке есеп алып, анықталған кемшіліктер мен оларды жою жолдарын нақтылап көрсетті.
Қорытынды сөзінде департамент бастығы полиция бөлімдері басшыларына патрульдеу жұмыстарын күшейтуді, халық арасында профилактикалық түсіндіру шараларын жандандыруды және қойылған міндеттердің мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған басым бағыттарды іске асыру аясында алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттерді белгіледі.
