Түркістан облысының полицейлері 20-дан астам түп сора еккен тұрғынды ұстады
Түркістан облысының полицейлері 20-дан астам түп сора еккен тұрғынды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бәйдібек аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғынның бірі есірткі өсірумен айналысады деген хабарлама келіп түсті. Аталған жайт СДТБТ-ға ҚР ҚК-нің 300-бабы 1-бөлігімен (Құрамында есiрткi заттар бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсіру) тіркелді.
Хабарлама түскен сәттен бастап Түркістан облысы Полиция департаментінің тәжірибелі тәртіп сақшылары мен ауданның қырағы полицейлерінен жедел-тергеу тобы құрылды. Олар бірден ақпараттың растығын анықтау мақсатында жедел-іздестіру шараларына кірісті. Алынған ақпарат көздері арқылы күдікті тұрғынның жеке-басы мен мекенжайын анықтады. Ол жергілікті тұрғын болып шықты.
Тексеру кезінде күдікті ер адамның тұрғын-үйінің ауласына есірткі егілгені анықталды. Тінту жүргізген жедел уәкілдер оның ауласынан барлығы 22 түп есірткі өсімдігін тәркіледі. Сондай-ақ айғақты зат ретінде алынған өсімдіктерге сот-сараптамалық зерттеу тағайындалды. Сараптама нәтижесімен алынған түптер «сора» есірткі заты болып шықты.
Өз кезегінде тұрғын, аталған есірткіге ұқсас өсімдікті егіп-өсіргенін толығымен мойындайды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, күдіктінің бас шарасы «қолхатта».
Түркістан облысының полицейлері заңсыз, құрамында есірткі заты бар өсімдіктерді еккені үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді. Оған қоса тәртіп сақшылары есірткінің қоғам дерті екендігін ұмытпай, оны өсіріп, қолданып, тасымалдағандармен күресті күшейтуде. Сондықтан Сіз, есірткі бойынша қандай да бір ақпараттарды білсеңіз бірден полицияның «102» нөміріне хабарласыңыз. Бұл есірткіге байланысты қылмыстардың азаюы мен жолын кесуге септігін тигізеді.