Түркістан облысының полицейлері әйелдің ұялы телефонын ұрлаған күйеу баласын анықтады
Түркістан облысының полицейлері әйелдің ұялы телефонын ұрлаған күйеу баласын анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Отырар аудандық ПБ кезекші бөліміне жергілікті тұрғын арызданып келген. Онда жәбірленуші әйел өзінің үйінің алдында тұрған кереуеттен «Redmi» маркалы ұялы телефонын белгісіз біреу ұрлап кетіп, 120 мың теңге шығын келтіргенін көрсеткен. Аталған дерек ҚР 188-бабы (Ұрлық) қылмыстық құқық бұзушылығы бойынша СДТБТ-ға тіркелді.
Полицейлер хабар түсісімен жәбірленушінің үйіне барып, ұрлық қылмысын ашу мақсатында қажетті шараларды ұйымдастырды. Көрген-білген куәлардан жауап алып, оқиға орнын толық шолып шықты. Тәртіп сақшыларының жүргізген тиянақты жұмыстарының нәтижесінде ұялы телефонды ұрлаған күдікті ер азамат ұсталды.
Ол жәбірленуші әйелдің күйеу баласы, Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты. Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты тергеу амалдары жүргізілуде.
Белгілі болғандай жәбірленуші әйелдің үйінде жиын болып жатқан. Адамдардың көптігін пайдаланған күдікті ұялы телефонды алып, сөндіріп, қалтасына жасырған. Содан соң оны Шымкент қаласындағы базарлардың біріне алып барып, арзан бағаға сатып жіберген. Ал ақшасын бас пайдасының қажеттілігіне жұмсаған. Бүгінде қолды болған ұялы телефон өз иесіне қайтарылды.
Өз кезегінде Түркістан облысы полиция қызметкерлері азаматтарға қырағы болуды ескертеді. Егер сіз бөтеннің мүлкін ұрлаудың құрбаны немесе куәсі болсаңыз, тез арада полицияның «102» нөміріне хабарласыңыз.