Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысының полицейлері алаяқтықтың 2 жайтын әшкереледі

Түркістан облысының полицейлері алаяқтықтың екі жайтын әшкереледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Сайрам ауданы ПБ кезекші бөліміне жергілікті тұрғын өзінің алаяқтың құрбаны болғанын айтып, арызданған. Жәбірленуші жігіттің айтуынша, оған танысы мемлекет тарапынан кәсіпкерлікке берілетін ақша шығарып беремін деп, сеніміне кірген. Содан жәбірленуші алаяққа 100 мың теңгеге жуық ақша берген. Ал танысы болса ақша алғаннан кейін уәдесін орындамай, ақшасын қайтармай қойған. Аталған дерек ҚК 190-бабы (Алаяқтық) қылмыстық құқық бұзушылығы бойынша СДТБТ-ға тіркелді.

Хабар алысымен полиция қызметкерлері алаяқтық қылмысын ашу мақсатында оқиға орнына жетті. Полицейлердің жан-жақты жүргізген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде, күдіктінің жеке-басы анықталды. Оны бірден ПБ-ға жеткізді. Ол жергілікті әйел тұрғын болып шықты. Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Бүгінде тұрғындардың тез сенгіштігіне байланысты алаяқтық қылмысы кең етек алуда. Осындай жайтпен Арыс ауданында да жергілікті тұрғын алаяқтың арбауына түскен. Онда күдікті азамат «Кәсіби біліктілігін арттыру үшін тестілеуге дайындаймын» деп оны алдап, 200 мың теңге ақшасын алған.

Арада біршама уақыт өткен соң жәбірленуші ер азамат ұялы байланысқа шыға алмай, алданғанына көзі жеткен. Содан соң бірден полиция қызметкерлерінің көмегіне жүгінген.

Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚК 190-бабы бойынша тіркеп, күдіктіні іздеуге кірісті. Осылайша аз уақыттың ішінде күдікті ретінде жергілікті тұрғын анықталып, ұсталды. Қазіргі таңда аталған дерекке байланысты тергеу амалдары жүргізілуде. 

Өз кезегінде, Түркістан облысының полицейлері азаматтарға қаржы мәселелерін шешуге күмәнді көмек ұсынатын бейтаныс адамдарға мұқият болу және артық сенімсіздік көрсетпеу қажеттігін ескертеді. Егер осындай қылмыстардың құрбаны немесе куәсі болсаңыз, онда сіз «102» телефоны бойынша полицияға тез арада хабарласыңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру