Түркістан облысының полицейлері аурухана ғимаратына ұрлыққа түскен ер адамды ұстады
Түркістан облысының полицейлері аурухана ғимаратына ұрлыққа түскен ер адамды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ордабасы ауданы ПБ кезекші бөліміне ауруханалардың бірінен хабарлама түскен. Онда таңғы сағат 04:00 шамасында ауруханаға белгісіз азаматтың ұрлыққа түскендігі көрсетілген. Ол ауруханаға кіріп, медициналық электр таразысын, тоңазытқыш ішінде тұрған термоградусникті сындырып, бүлдірген. Сонымен қатар үстел үстінде тұрған тепловизорды ұрлап, оқиға орнынан бой тасалаған. Келтірілген жалпы шығын көлемі 100 мың теңгеге жуық. Аталған дерек ҚК 188-бабы, яғни (Ұрлық) қылмыстық құқық бұзушылығы бойынша тіркелді.
Орын алған ұрлық қылмысын ашып, күдіктіні ұстау мақсатында полицейлерден жедел-тергеу тобы құрылды. Тәртіп сақшылары көрген-білгендерден жауап алып, бейнебақылау камераларын тексерді. Нәтижесінде тәртіп сақшыларының атқарған жан-жақты тексеру жұмыстарының арқасында, аз уақыт ішінде күдікті ер азамат ұсталды. Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты тергеу амалдары жүргізілуде.
Белгілі болғандай күдікті адам жергілікті тұрғын болып шықты.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері ұрлықтың алдын алу мақсатында өздеріңізге тиесілі ғимараттар мен аулаларға бейнебақылау камераларын орнату керектігін ескертеді. Оған қоса мүмкіндігінше жарықтандырып, дабылқаққыштар қойыңыздар. Бұл өз кезегінде ұрылардың жолын кеседі. Ал ұрлық жайтының куәсі немесе құрбаны болсаңыз, полицияның «102» нөміріне тез арада хабар беріңіздер.