Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысының полицейлері ауыл тұрғынының көкпарға шығатын жылқысын тауып берді

Түркістан облысының полицейлері тұрғынның көкпарға қатысатын жоғалған жылқысын қайтарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бәйдібек аудандық полиция бөліміне Қызылжар ауылының тұрғыны шағымданды. Ер адамның айтуынша, оның қорасынан байлап қойған көкпар шабатын жылқысы белгісіз жағдайда жоғалған. Аталған жүйрік аттың бағасы базар нарқымен бір миллион теңгеден асады. Ер адам өзі бір күн бойы ары-бері іздеп таба алмағаннан кейін, полицейлерден көмек сұрайды.

Хабар алысымен тәжірибелі тәртіп сақшылары әрекет етіп, жылқыны іздеуге кіріседі. Куәгерлерден жауап алып, жақын аумақтарды аралайды. Жол талғамайтын қызметтік көлікпен тау-тасты мұқият қарап шығады. Соның нәтижесінде 20 шақырым қашықтықтан басқа жылқылардың арасынан тұрғынның жоғалған жылқысын табады. Сəйгүлік заңды иесіне қайтарылды.

«Полицейлерге мың рақмет! Жоғалған жылқымды екі сағат ішінде тауып берді. Негізі бірінші өзім іздеп шығып едім, менің іздеуім сәтсіз болды. Ал полицейлер өз істерінің нағыз маманы екендіктерін дәлелдеді. Бәйдібектік тәртіп сақшыларына рақметімді айтамын!» – деді көкпарға шығатын жылқының егесі Байжан Нұрмұхаммед.

Өз кезегінде облыс полицейлері азаматтарды қора-жайларды мықтап бекітіп, мал жайылымында малдарды қараусыз қалдырмауға және ұқыпты болуға шақырады. Үй жануарлары жоғалса немесе ұрланса, уақыт жоғалтпай полиция бөліміне тез арада хабарласыңыздар. Бұл малыңыздың ерте табылуына, қылмыс болса, «ізін суытпай» ашылуына ықпал етпек.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру