Түркістан облысының полицейлері аз қамтылған отбасыға көмек берді
Түркістан облысының полицейлері «Отбасы күнінде» қайырымдылық жасап, үш отбасының балаларын қуантты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Биылғы жылы «Отбасы күні» мерекесі 13-қыркүйекке тура келді. Осыған орай Түлкібас АПБ-нің басшы құрамы мектепте қамқорлық пен қолдауға мұқтаж, жартылай жетім, көп балалы отбасылардың есебінде тұратын балаларға демеушілік жасап, көмек көрсетті. Өздерінің қаражаттарымен аз қамтылған отбасыларға ең қажетті азық-түліктерді таратты.
Мәселен, Құлан ауылында орналасқан А.Гайдар атындағы жалпы орта мектебінің 2 және 1-сынып оқушыларының отбасына 60 мың теңге көлемінде азық-түліктер жеткізді.
Өз кезегінде, көмек алған отбасының мүшелері: «Полицейлерге рахмет айтамын, қолдарынан келгенше, жұмыстарынан уақыт бөліп, осындай әрекеттер жасап жатқанына. Жақсылықтары Алладан қайтсын» – деп шынайы ризашылығын білдірді. Жалғызбасты аналардың алғысын алған полицейлер, «Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба береді»- деп атап өтті.
Аталмыш мерекелік шараның негізгі мақсаты – отбасы институтын нығайту, некенің ұлттық құндылықтарын насихаттау, ұрпақтардың әлеуметтік және мәдени сабақтастығын қамтамасыз ету, қолда барды өзгемен бөлісіп, жақындарды қуанту, кейінгілерге үлгі боларлық жақсы әрекеттер ету болып табылады. Осы мақсатта Түлкібас АПБ-нің қызметкерлері де өз үлестерін қосты.