Түркістан облысының полицейлері дәмханаға ұрлыққа түскен тұрғынды анықтады
Түркістан облысының полицейлері дәмханаға ұрлыққа түскен тұрғынды анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазығұрт АПБ-не жергілікті тұрғын ұрлықтың құрбаны болғандығы жөнінде арызданған. Онда өзінің дәмханасының алдында тұрған үстелін белгісіз біреу жасырын ұрлап кеткенін көрсеткен. Жәбірленушіге келтірілген жалпы шығын көлемі 20 мың теңге. Полицейлер аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша СДТБТ-ға тіркеді.
Осы оқиғаға байланысты Қазығұрт АПБ-нің тәжірибелі тәртіп сақшылары жұмылдырылды. Хабар алысымен Жергілікті полиция қызметі учаскелік полиция инспекторы Мырзагелді Жандос пен Нұрахов Нұржан жедел іздестіру жұмыстарын бастап кетті. Бейнебақылау камераларын тексеріп, куәгерлерден жауап алды. Тыңғылықты атқарылған жұмыстың нәтижесінде, күдікті ер азаматтың тұрғылықты мекен-жайы анықталды. Ол жергілікті тұрғын болып шықты. Жинақталған ақпарат бойынша тәртіп сақшылары күдіктінің үйіне жедел жетіп, сол жерден қолға түсірді. Қолды болған үстел күдіктінің үй ауласынан тәркіленіп алынып, өз иесіне қайтарылды. Бас шарасы келу туралы міндеттемеде.
Тергеу барысында анықталғандай, күдікті азаматтың кешкі сағат 19:00 шамасында жабық тұрған дәмхананың алдында қараусыз тұрған үстелге көзі түседі. Өзі пайдалану мақсатында айналада адамдардың жоқтығын пайдаланып, өзінің басқаруындағы автокөлігіне салып, оқиға орнынан ізін суытқан.
Өз кезегінде полицейлер тұрғындарға сақ болуды ескертеді. Тұрғын жайларыңызға, дүкендеріңізге және дәмханаларыңызға бейнебақылау камераларын орнатып, есіктеріңізді мықты құлыптармен бекітіңіздер. Ұрлықтың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада «102» телефон номері арқылы полиция қызметкерлеріне хабарласыңыздар.