Түркістан облысының полицейлері дәрілік препараттарды заңсыз тасымалдау контрабандасының жолын кесті
Түркістан облысының полицейлері дәрілік препараттарды заңсыз тасымалдау контрабандасының жолын кесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Брифингте Полиция департаменті бастығының орынбасары Құрманбек Сахов:
– Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Түркістан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Сарыағаш ауданы трассаларының бірінде жүк көлігін тоқтатады. Жедел уәкілдер фургонды тексеру кезінде тиісті құжаттары жоқ 254 дәрі-дәрмек қорапшасын тауып, тәркіледі. Жүргізушінің айтуынша, ол Шымкент қаласының тұрғынымен келісіп, Сарыағаш ауданынан Түркістан қаласына белгіленген ақыға жүк жеткізбек болған. Алынған дәрі-дәрмектердің ішінде: бисокодил, бисептол, кетонал, глицин, вольтарен, попадол және басқалары да болды.
Сондай-ақ, аталған жүк Өзбекстан азаматына тиесілі екендігі және Ресейден көрші республикаға контрабандалық жолмен тасымалданғаны анықталды. Дәрі-дәрмектердің жарамдылық мерзімі өтіп кеткен. Контрабандалық жүктің жалпы құны шамамен 34 миллион теңгені құрады.
Қазіргі уақытта аталған жайт Сарыағаш АПБ-да тіркелген, – деп атап өтті Құрманбек Сахов.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері заңсыз контрабанда және дәрі-дәрмектерді тиісті құжаттарсыз сатқаны үшін құқық бұзушылар жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін еске салады.