Түркістан облысының полицейлері екінші рет мас халде көлік басқарған жүргізушіні ұстады
Түркістан облысының полицейлері екінші рет мас халде көлік басқарған жүргізушіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазығұрт ауданы ПБ полицейлері қызметтік міндетін атқару барысында ішімдік ішіп, көлік басқарған жүргізушіні анықтады. Полицейлер кешкі сағат 18:30 шамасында күнделікті жұмыстарын жүргізу барысында, жол ережелерін бұзып келе жатқан автокөлікті байқап, тоқтатты. Тәртіп сақшылары жүргізушінің мас күйіне күдіктенді. Сонымен қатар оны тексеру барысында осыдан үш жыл алдын мас халде көлік басқарғаны үшін автокөлік басқару құқығынан айырылғаны белгілі болды. Осыған қарамастан екінші рет алкогольдік масаң халде көлік басқаруына күдіктенген полиция қызметкерлері жергілікті тұрғынға қатысты медициналық сараптама тағайындады. Куәландырудың қорытындысына сәйкес, жүргізушінің мас екені анықталды.
Полиция қызметкерлері көлік құралын басқару құқығынан айырылғанына қарамастан екінші рет мас халде автокөлік тізгіндеген жүргізушіге қатысты ҚР ҚК-нің 346-бабы (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беру) бойынша СДТБТ-ға тіркеді. Сонымен қатар жинақталған іс-құжаттарды заңды шешім қабылдау үшін Қазығұрт аудандық сотына жолдады.
Түркістан облысының полицейлері жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Автокөлікке мас халде отырмаңыз, бұның соңы жазатайым оқиғалар мен өлімге әкеп соқтыруы мүмкін.