Түркістан облысының полицейлері ерекше балаларды зообаққа апарды
Түркістан облысының полицейлері ерекше балаларды зообаққа апарды , – деп хабарлайды Polisia.kz.
Төлеби аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері аудандық ауруханамен бірлесіп, 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай игі шара ұйымдастырды. Олар ерекше балаларды ауруханаға шақырып, дәрігер мамандардың қабылдауында болып, медициналық тексеруден өткізді. Сонымен қатар, аурухананың ауласында концерттік бағдарлама ұйымдастырып, балалар өздерінің өнерлерін ортаға салып, ән айтып, би биледі. Ұйымдастырушылар оларға сыйлық табыстады.
Полицейлер балалардың көңілдерін көтеріп, олармен уақыт өткізу мақсатында арнайы автобус жалдап, Шымкент қаласындағы зообаққа саяхатқа алып барды. Балаларға арнайы ақ дастархан жайып, сол жерден тамақтандырып, қайырымдылық шарасын өткізді.
Мереке қарсаңында жүздеріне күлкі үйірілген балалар шараны ұйымдастырушыларға өздерінің алғыстарын білдіріп, ерекше әсерлерімен бөлісті. Балаларды қорғау күніне арнайы ұйымдастырылған бұл шараға ата-аналар да ризашылықтарын білдіріп, тәртіп сақшыларына ізгі тілектерін айтты.
Сонымен қатар, Арыс аудандық полиция бөлімінің бастығы Алмас Мырзахметов және полиция қызметкерлерінің бастауымен ауқымды шара ұйымдастырылды. Іс-шара Т. Тәжібаев атындағы отбасы үлгісіндегі балалар ауылында өтті. Шараның басты мақсаты – 1 маусым – Балаларды қорғау күні мерекесіне орай балаларға қуаныш сыйлау. Полиция қызметкерлері балаларға мерекелік концерт қойып, соңы қайырымдылық шараға ұласты. Тәртіп сақшылары балалардың көңілін аулап, оларға самокат, скейтборд сыйлыққа берді.
– Құрметті балғындар, сіздерді 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтаймын! Елімізде жас өскін ұрпағымыз аман болсын! Барлығыңызға ашық аспан, бейбіт өмір, сәбилерге бақытты балалық шақ, әрқашанда сыңғырлаған күлкі тілейміз. Әр уақытта дендеріңіз сау болып, Отанымыздың мақтанышы болуларына тілектеспіз! Жұртымыз, еліміз тыныш, деніміз сау, басымыз аман, жұмысымыз жемісті болсын, – деді Алмас Мырзахметов.