Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысының полицейлері ірі қара малдарды ұрлаған екеуді ұстады

Түркістан облысының полицейлері ірі қара малдарды ұрлаған екеуді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Сайрам АПБ-на жергілікті тұрғын арызданған. Жәбірленуші азаматтың айтуынша түнгі сағат 02:00 шамасында, қорасында байлаулы тұрған екі бас сиырын ұрлап, жалпы 800 мың теңгеге жуық шығын келтірген. Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-1-бабы (Мал ұрлығы) бойынша СДТБТ-ға тіркеді. Осы оқиғаға байланысты Сайрам АПБ КПБ-ның қызметкерлері қылмыс орын алған аумақта жедел іздестіру іс-шараларын жүргізді. Көрген-білгендерден жауап алды. Нәтижесінде жинақталған ақпарат көздері арқылы күдікті ретінде екі жас жігіттің жеке басы анықталды. Олар жергілікті тұрғындар болып шықты. Қазіргі таңда күдіктілерге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Тергеу барысында анықталғандай, күдікті екі азамат өзара келісіп, қолайлы уақытты күткен. Содан соң түнгі уақытта жәбірленушінің қорасының есігін ашып, ішіне енген. Байлаулы тұрған екі бас сиырды ұрлап, Сайрам қаласының мал базарларының біріне алып барып, сатып жібермек болған. Алайда полицейлерден құрылған жедел уәкіл тобы күдіктілерді қылмыс үстінде ұстады. Бүгінгі таңда екі күдікті жас жігіт қамауға алынды. Айғақты зат ретінде ұрланған мал иесіне қайтарылды.

Өз кезегінде, тәртіп сақшылары облыс тұрғындарына қырағы болуға және өз мүлкін сақтау үшін қажетті шаралар қабылдауға кеңес береді. Мүмкіндігінше аулалар мен қора-жайларын сенімді құлыптармен және қоршаулармен нығайтқаны жөн. Малды таңбалап, ен салдыру керек. Сондай-ақ бақташы жалдау қажет. Егер, сіз, мал ұрлығының болмаса басқа біреудің мүлкін ұрлаудың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада полицияға «102» нөміріне хабарласыңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру