Түркістан облысының полицейлері кезекті көкпарды тоқтатты
Түркістан облысының полицейлері кезекті көкпарға тосқауыл қойды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулыларының негізінде, карантин режимі кезінде бірқатар шектеу шаралары қойылған. Осы бағытта Қазығұрт АПБ-ның полицейлері карантин режимін және шектеу шараларын сақтау үшін құрылған топпен бірге профилактикалық жұмыстарды тұрақты түрде жүргізуде.
Осындай кезекті рейдтік шара барысында күндізгі 15:30 шамасында Қазығұрт ауданының ауылдарының бірінде көкпар ойынының өтіп жатқаны анықталған. 150-ге жуық адам жинап, «бата көкпар» ұйымдастырып, карантин режимін және шектеу шараларын сақтамаған 44 жастағы тұрғынға қатысты іс-құжаттар жинақталуда. ҚР ҚК-нің 425-бабы (Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу) бойынша жинақталған құжаттар Қазығұрт аудандық СЭББ-на жолданды.
Сондай-ақ ақпан айының 24-і күні Қазығұрт ауданына қарасты Қазығұрт, Қарабау ауылдарында жасырын түрде көкпар ойыны ұйымдастырылғаны анықталды. Жалпы өтіп жатқан көкпарға 400-ге жуық адам жиналған. Жиналған ақпараттардың учаскелік полиция инспекторлары заңды шешімін қабылдау үшін СЭББ-на жолданды.
Тәртіп сақшыларының табанды еңбектерінің арқасында көкпар ойындары тарқатылып отыр. Атап айтсақ, жыл басынан бері облыс көлемінде 30-дан астам көкпар өткізілгені анықталып, дер кезінде тоқтатылған.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарды карантин режимін қатаң сақтауға, медициналық бетперде киюге және әлеуметтік қашықтықты сақтауға шақырады.