Түркістан облысының полицейлері көлік ұрлаған қылмыстық топты құрықтады
Түркістан облысының полицейлері көлік ұрлаған қылмыстық топты құрықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сарыағаш АПБ-нің жедел уәкілдері Түркістан облысының екі ауданында жасалған төрт
автокөлік ұрлығына қатысы бар қылмыстық топты құрықтады. Автокөлік ұрлаушылар
негізінен «Ваз» маркалы көліктерді ұрлап кетіп, оларды кейіннен бөлшектеп сатуды
жоспарлаған.
Сарыағаш АПБ-нің кезекші бөліміне жәбірленушілердің бірі түнде белгісіз адамдар
оның құны жарты миллион теңгеден асатын «Ваз» маркалы автокөлігін ұрлап кеткені
туралы арызданған. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы
«Ұрлық» бойынша Сарыағаш АПБ-не тіркеді. Осыған ұқсас арыздармен аудандық
полиция бөліміне тағы бірнеше зардап шеккен автокөлік иелері жүгінген.
Сарыағаш АПБ-де автокөліктерді ұрлаған күдіктілерді ұстау мақсатында тәжірибелі
қызметкерлерден арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. Жедел уәкілдер шұғыл қажетті
іздестіру іс-шараларына кірісті, жәбірленушілер мен куәгерлерден жауап алды, қылмыс
орындарын, сондай-ақ ұрланған мүлікті сатуы мүмкін көлік бөлшектерін сату орындарын
мұқият тексерді.
Сарыағаш аудандық ПБ-нің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде
алты жергілікті тұрғыннан құралған қылмыстық топты анықтады.
Тергеу барысында анықталғандай, қылмыстық топ Сарыағаш ауданының тұрғындарынан
үш автокөлік және Жетісай қаласы тұрғынының бір автокөлігін жымқырған. Содан кейін
ұрланған автокөлікті күдіктілер үйінде жасырып, бөлшектеп, қосалқы бөлшектерге
сатуды жоспарлаған.
Қазіргі уақытта аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Бүгінгі таңда полиция қызметкерлері ұсталғандардың басқа да осындай қылмыстарға
қатыстылығын анықтауда.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері автокөлік иелеріне сақ болу және
мүліктерін қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертеді. Автокөліктерге күзет дабылы
орнатылып, көлікті күзетілетін тұраққа қою керек. Сондай-ақ, үйдің жанын және ауланы
жарықтандыру керек, ал автокөліктерді ашық қалдырмау қажет. Сонымен қатар,
автомобиль салонында құнды заттарды, телефондар мен ақшаны қалдырмаңыз, өйткені
бұл ұрылардың назарын аударуы мүмкін. Егер сіз автокөлікті ұрлаудың құрбаны немесе
куәгері болсаңыз, тез арада «102» телефоны бойынша полицияға хабарласыңыз.