Түркістан облысының полицейлері көршісінің дүкеніне ұрлыққа түскен жігітті ұстады
Түркістан облысының полицейлері көршісінің дүкеніне ұрлыққа түскен жігітті ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кентау қалалық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданады. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, оның дүкеніне белгісіз адам түнгі уақытта заңсыз кіріп, азық-түліктер, сусындар, жаңа киімдер мен кассадағы ақшасын жымқырып кеткен. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 250 мыңға жуық теңгені құрады. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы бойынша тіркеуге алынды.
Ақпарат алысымен полицейлер оқиға орнына шықты. Тәжірибелі тәртіп сақшыларынан құрылған жедел-тергеу тобы ұрыны ұстап, қылмысты ашуға бірден кірісті. Куәгерлерден жауап алып, жақын аумақтарды аралап, бейнебақылау камераларын тексерді. Соның нәтижесінде тәулік ішінде күдіктінің жеке басы анықталып, тұрғылықты мекенжайынан ұсталды. Ол жергілікті тұрғын, жәбірленушінің көршісі болып шықты.
Тергеу барысында анықталғандай, күдікті дүкеннің терезесін бұзу арқылы кіріп, қолына ілінгенін алып кеткен. Айғақты зат ретінде ұрланған заттар ұрының үйінен тәркіленіп алынып, заңды иесіне қайтарылды. Бас шарасы қолхатта.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға тұрғын үйлеріңіз бен ғимараттарыңызға ұры түспесін десеңіздер, қауіпсіздік шараларын қатаң ұстаныңыздар деп ескертеді. Бейнебақылау камералары, дабылқаққыш орнатыңыздар деп кеңес береді.