Түркістан облысының полицейлері мас халде көлік басқарған 50 жүргізушіні анықтады
Түркістан облысының полицейлері мас халде көлік басқарған 50 жүргізушіні анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы Мақтаарал ауданы ПБ қызметкерлері ағымдағы жыл басынан бері мас халде автокөлік басқарған 50 жүргізушіні анықтап, жинақталған іс-құжаттардың барлығын сотқа жолдады. Сот үкімімен аталған жайтқа байланысты азаматтар жеті жылға автокөлік басқару құқығынан айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды. Бүгінде ішімдік ішіп, көлік тізгіндейтіндер қатары әлі де азаяр емес.
Мәселен, Мақтаарал ауданы ПБ Жергілікті полиция қызметі басқармасының қызметкерлері тағы бір алкогольдік ішімдік ішіп, автокөлік тізгіндеген жүргізушіні анықтады. Яғни тәртіп сақшылары түнгі сағат 22:00 шамасында аудан көшелерінің бірінде жол ережелерін өрескел бұзып келе жатқан «Daewoo Nexia» маркалы автокөлікті тоқтатты. Содан соң оған жақындап, тексеру кезінде тәртіп сақшылары жүргізушінің мас күйіне күдіктенді. Полиция қызметкерлері жүргізушіні, яғни жергілікті тұрғынды медициналық сараптамадан өткізді. Куәландырудың қорытындысына сәйкес жүргізушінің көлік басқарғанда мас болғаны расталды.
Полиция қызметкерлері көлік құралын масаң халде басқарған азаматқа қатысты ӘҚБтК 608-бабы (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша әкімшілік хаттама толтырды.
Өз кезегінде, Түркістан облысының полицейлері жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады.