Түркістан облысының полицейлері оқушыларға арнап экскурсия ұйымдастырды
Түркістан облысының полицейлері оқушыларға арнап экскурсия ұйымдастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кентау ҚПБ ЖПҚ-нің ювеналды полиция қызметкерлері жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу шаралары аясында оқушылар үшін арнайы танымдық экскурсиясын ұйымдастырды.
Тәртіп сақшыларына Кентау қаласында орналасқан Ы. Алтынсарин атындағы мектептің оқушылары қонаққа келді. Полицейлер оқушыларға полиция бөліміндегі Жедел басқару орталығын, тергеушілер мен криминалистердің арнайы бөлмелерін, кезекшілік бөлім мен басқа да өзге бөлмелерді таныстырды. Сондай-ақ, қызмет бабында ерлікпен қаза болған қызметкерлердің ерлігі айтылып, сурет көрмелері көрсетілді. Сонан соң оқушылар полицейлермен бірге жол қозғалысындағы заң бұзушылықтарды бақылайтын жұмыстары туралы кеңінен мағлұмат алып, өз көздерімен көрді.
Экскурсияда ювеналды полиция инспекторлары оқушыларға заң қызметкерлерінің қауіпті де жауапкершілігі көп қызметі мен жасөспірімдердің қандай жағдайда, қанша жастан бастап қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны туралы кеңінен баяндап, қонақтарды қызықтырған сұрақтар бойынша жауап берді.
Экскурсия соңында оқушылар полицейлерге арнайы уақыт бөліп, көңіл аударып, тамаша саяхат сыйлағаны үшін алғыстарын айтты. Полиция бөлімін аралап, тыныс тіршілігімен танысқан балалар болашақта полиция қызметкері боламын деген сөздерін мақтанышпен айтып жатты.
Осындай маңызы зор шара Түлкібас АПБ қызметкерлерімен де ұйымдастырылды. Аталған «Ашық есік» күні Ақбиік ауылы Т.Иманбеков атындағы жалпы орта мектебінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ерлан Нұралиев пен мектеп тәлімгері Рамазан Үсіпбектің бастауымен, тәртіп сақшыларының қолдауымен өткізілді. Яғни, жоғары сынып оқушыларынан құрылған жас полицейлер жасағы полиция бөліміне арнайы келді.
Түлкібас АПБ Уақытша ұстау изоляторының бастығы Руслан Бескемпір, ювеналды полиция тобының инспекторы Айнұр Байжанисова оқушыларға полиция бөлімінің тыныс-тіршілігін таныстырды. Атап айтқанда, кезекші бөліміне 102 нөмірінен түскен шақыртудан бастап, әрі қарай тергеу, криминалдық полиция, жедел-криминалистика, УҰИ және жергілікті полиция қызметтерімен атқарылатын жұмыстарды жік-жігімен көрсетіп шықты. Жедел басқарманың ішкі-сыртқы жұмыстарын тікелей көрсетіп, таныстырды.