Түркістан облысының полицейлері оқушылармен кездесті
Түркістан облысының полицейлері оқушылармен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазығұрт ауданы ПБ-ның полиция қызметкерлері О.Жандосов жалпы орта мектебінде оқушыларға арнайы сабақ өтті. Дәрістің мақсаты – балалар арасындағы зорлық-зомбылықтың, суицидтің, құқық бұзушылықтардың алдын алу, жолын кесу мен болдырмау.
Аталған іс-шараға Қазығұрт ауданы ПБ Жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің ювеналды полиция тобының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік инспекторлары, Жастар ресурстық орталығының маманы, адами әлеуетті дамыту басқармасының әдіскері, аудандық орталық аурухананың гинеколог-дәрігері қатысты.
Жиын барысында өз баяндамаларын оқып, оқушыларға барынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
– Бала біздің болашағымыз. Бірақ сол болашақ жарқын болуы үшін олардың жаман әдеттен бойын аулақ ұстаулары, салауатты өмір салтын жастайынан ұстанып, отбасы мен мектепте дұрыс тәлім-тәрбие алу маңызды. Сонымен қатар, жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренуі керек. Кішігірім құқық бұзушылық пен қателіктің қылмысқа ұласуы мүмкін екенін ұғынуы керек. Полицейлер сіздерді тыңдап, көмек қолын созып, құқықтық кеңес беруге, арыз-шағымдарыңыз болса қарауға әрқашан дайын, – деп атап өтті кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік инспектор Перизат Иманова.
Кездесу соңында оқушылар тарапынан сұрақтар қойылып, мәселелері талқыланды.