Түркістан облысының полицейлері профилактикалық іс-шара жүргізді
Түркістан облысында полицейлер «Нашақорлыққа жол жоқ!» тақырыбында іс-шарасын өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Нашақорлық – адам денсаулығы мен болашақ ұрпаққа қауіп төндіретін қазіргі қоғамның өзекті мәселелерінің бірі. Полицейлер оның зияны мен салдары туралы халықты құлақтандыру мақсатында тұрақты негізде түрлі алдын алу іс-шараларын жүргізеді.
Мәселен «Қарасора» іс-шарасы аясында Мақтаарал ауданының тәртіп сақшылары, прокуратура және жастар ресурстық орталығының өкілдері бірлесіп, «Нашақорлыққа жол жоқ!» тақырыбында халық пен жастардың бойында есірткіге қарсы сананы қалыптастыруға бағытталған іс-шара өткізді. Яғни іс-шара аясында қоғамдық орындарда және аудан орталығының көшелерінде бейнероликтер көрсетілді. Сондай-ақ жадынамалар таратылды және тыйым салынған заттарды, оның ішінде синтетикалық есірткілерді тұтыну мен тарату және олардың денсаулыққа тигізетін зардаптары туралы түсіндірмелер берілді.
Полицейлер тұрғындардың назарын салауатты өмір салтын ұстануға, дұрыс жолды таңдауға және жаман әдеттерден бас тартуға шақырды. Нашақорлықтың алдын алу бойынша осындай іс-шаралар алдағы уақытта да жүргізіледі.