Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысының полицейлері қорадан мал ұрлаған күдіктілерді қолға түсірді

Түркістан облысының полицейлері қорадан мал ұрлаған күдіктілерді қолға түсірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ордабасы АПБ-ға ұрыларға жем болған жергілікті тұрғын арызданып келген. Оның айтуынша, түнгі сағат 02:30 шамасында Ордабасы ауданында орналасқан жер теліміндегі қорасынан 11 бас қойын белгісіз азамат ұрлап кеткен. Жәбірленуші азаматқа келтірілген жалпы шығын көлемі 350 мың теңге. Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-1-бабы (Мал ұрлығы) бойынша СДТТБТ-ға тіркеп, қылмыстық істі ашуға бірден кірісті.

Осы оқиғаға байланысты Ордабасы АПБ-ның қызметкерлері қылмыс орын алған аумақта жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді. Көрген-білгендерден жауап алды. Нәтижесінде жинақталған ақпарат көздері арқылы күдікті ретінде екі азаматтың жеке басы анықталды. Олар жергілікті тұрғын болып шықты. Қазіргі таңда осы дерекке қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілер қамауда.

Белгілі болғандай күдікті екеу, олар оңай жолмен ақша табуды көздейді. Осылайша жәбірленушінің қорасынан малдарды жасырын алып шығып, күдіктінің бірінің басқаруындағы Merсedes Benz автокөлігіне салып, оқиға орнынан бой тасалаған. Содан соң қойларды 350 мың теңгеге сатып, ақшасын бас пайдаларының қажеттілігіне жұмсап жіберген.

Өз кезегінде, тәртіп сақшылары облыс тұрғындарына қырағы болуға және өз мүлкін сақтау үшін қажетті шаралар қабылдауға кеңес береді. Мүмкіндігінше аулалар мен қора-жайларын сенімді құлыптармен және қоршаулармен нығайтқан жөн. Малды таңбалап, ен салдыру керек. Сондай-ақ бақташы жалдау қажет. Егер, сіз, мал ұрлығының болмаса өзгенің мүлкін ұрлаудың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада полицияға 102 нөміріне хабарласыңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру