Түркістан облысының полицейлері «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасын қорытындылады
Түркістан облысының полицейлері «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасын қорытындылады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысының аумағында тиісті құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтарды анықтау мақсатында «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Оның негізгі мақсаты – жедел жағдайды сауықтыру, заңдылықты, азаматтардың тәртібі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қылмыстардың дер кезінде алдын алу және жолын кесу бойынша шаралар қабылдау. Рейдтік жұмыстар барысында 422 қараусыз қалған үй, 644 ғимарат және өзге де үй-жайлар мен 1 327 саяжай аулаларын аралау жұмыстары жүргізілді.
Профилактикалық есепте тұрған алты мыңнан астам адам тұрғылықты жері бойынша тексерілді. «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасының қорытындысы бойынша полиция қызметкерлері 128 қылмысты ашып, іздеуде жүрген 13 қылмыскерді ұстады.
Сондай-ақ, есірткіні заңсыз сақтау мен тасымалдаудың алты жайтын, атыс қаруын заңсыз сақтаудың бір дерегін анықтады. «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында түркістандық тәртіп сақшылары облыс бойынша 4 843 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Оның ішінде мас күйде автокөлікті басқарған 42 жүргізуші ұсталды. Ұсақ бұзақылық үшін – 674, қоғамдық орындарда алкоголь ішкені үшін – 328, тыныштықты бұзғаны үшін – 100, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта үйден тыс жерде болғаны үшін – 40, қорғау нұсқамасын бұзғаны үшін – 42 және 493 адам тіркеусіз немесе құжаттарсыз тұрғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның ҚР Заңдарын бұзған – 621 және көші-қон саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін 268 адам тіркеуге алынды. Жол қауіпсіздігі желісі бойынша полицейлер жеті жылдамдықты арттыру, 28 қарсы жолаққа шығу, жаяу жүргіншінің қозғалысына артықшылық бермеудің – 175, жүргізуші куәлігінен айырылған жүргізушілердің көлікті басқаруының 12 және жаяу жүргіншілердің ЖҚЕ бұзуының 1 453 құқық бұзушылығын анықтап, жолын кесті.