Түркістан облысының полицейлері құжатсыз мал тасымалдаған тұрғынды анықтады
Түркістан облысының полицейлері құжатсыз мал тасымалдаған тұрғынды анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Арыс аудандық полиция бөлімінің полицейлері мал ұрлығының алдын алу мақсатында мал және ет өнімдерін тасымалдауды қатаң бақылауға алған. Жалпы ауданның маңызы бар жолдар бойында посттар қойылып, тасымалдауға тиісті құжаттар жіті тексерілуде. Сонымен қатар мал тасымалдайтын жүк көліктерін де тұрақты түрде тексеруде. Осындай рейдтік шара барысында арыстық полицейлер ИЖ автокөлігімен мал артып бара жатқан тұрғынды тоқтатады.
Тексеру барысында автокөліктің жүк салғышында 10 бас қойдың бары анықталды. Автокөлік жүргізушісі уақ малды тиісті құжаттарсыз тасымалдағаны белгілі болды. Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ӘҚБтК-нің 406-бабы (Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасын бұзу) бойынша іркеп, іс-құжаттар жинақталып, заңды шара қолдану үшін Арыс қалалық аумақтық ветеринария инспекциясына жолдады.
Өз кезегінде полицейлер тұрғындарға заңсыз тасымалдаулар, белгіленбеген орындарда малды сою, ен-таңбалары жоқ малдарды саудаға салу деректерін болдырмау мақсатында ҚР ІІМ-нің «Мүлікті қорғау жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған бағдарлама» бойынша жұмыстар жалғаса беретінін ескертеді. Сондықтан малды қараусыз жібермей, бақташы жалдауға, уақытылы ен-таңбаларын салдыртып, құжаттандыруға кеңес береді.