Түркістан облысының полицейлері қызметін атқару кезінде қаза болған әріптестеріне арнап спорттық турнир өткізді
Түркістан облысының полицейлері қызметін атқару кезінде қаза болған әріптестеріне арнап спорттық турнир өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сарыағаш АПБ қызметкерлерінің қатысуымен Бақдәулет Елшінбековтің есімі мен ерлігін ұлықтап, жастарға өнеге ету мақсатында спорттық шара ұйымдастырылды.
Айта кетсек Б.Елшінбеков 1979 жылы алғаш еңбек жолын бастаған сәттен-ақ қылмыстарды ашуда қырағылық танытып, көптеген заңбұзушылықтарға тосқауыл болып, ерекше қабілетімен көзге түскен. Осындай көптеген қызметтік борышына сай «Мінсіз қызметі үшін» медалімен, Құрмет грамоталарымен және «Қоғамдық тәртіпті сақтаудың үздігі» белгісімен марапатталған.
Алайда 1988 жылы шілде айының 27-сі күні Арыс қаласында қызмет барысында кезекті бір қылмыс ашу операциясына белсене араласып, аса қауіпті қылмыскерді құрықтау кезінде, қылмыскер қолынан қаза тапты. Осы оқиғадан соң 1989 жылы жоғарғы Кеңес Президиумының жарлығы бойынша Б.Елшінбеков «Қызыл Жұлдыз» медалімен наградталып, онымен қоса көше аты берілген болатын.
Еске алу шарасына батырдың жары Базаркүл Ахметова шақыртылып, Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің ауласында қызметтік борышын өтеу кезінде қаза болған полиция қызметкерлерінің ерлігі мен қаһармандығына мәңгілік тағзым ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Сондай-ақ Б.Елшінбековтің адами қасиеттері, ерлік істері туралы естеліктер айтылып, спорттық турнирдің басталу сәтінде Қазақстан Республикасының Әнұраны шырқалды.
Турнир аясында аудандық полиция бөлімі бойынша учаскелік инспекторларынан, бөлімше полицейлерінен, бұған қоса ардагер полиция қызметкерлерінен командалар жасақталып, «аяқ доп» спорттық сайысынан өзара бақ сынасты. Жарыс соңында жеңімпаз болған командалар спорттық дәстүрге сай үлкен-кіші кубогтар және арнайы медальдармен марапатталды.