Түркістан облысының полицейлері су басу салдарын жоюға қатысып жатыр
Түркістан облысының полицейлері су басу салдарын жоюға қатысып жатыр, жедел штаб ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
13 мамырда шамамен сағат 17:00-де қатты жауған жауын-шашынға байланысты Түркістан облысындағы төрт үйді, 376 аула мен іргелес аумақты, сондай-ақ облыстың бес ауданындағы көпірлерді су басу жайты орын алды. Халықты көшіруге және су басу салдарын жоюға Түркістан облысы Полиция департаментінің 114 қызметкер мен 22 бірлік техника, сондай-ақ Төтенше жағдай департаментінің 242 қызметкері, 16 бірлік арнайы техника мен 47 мотопомпа жұмылдырылды. Жедел штаб ұйымдастырылды.
Нәтижесінде, Төле би ауданының Қасқасу өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты жергілікті маңызы бар төрт көпірді су шайды. Леңгір қаласында төрт үй және оның жанындағы кенттерде 300-ден астам аула аумақтары су астында қалды, сегіз мал басы өлді. Полиция және ТЖД күштерімен сағат 22:00-ден кейін 70 адамды Леңгір қаласындағы эвакуация пунктеріне көшіру жұмыстарын жүргізді. Оған қоса ТЖД күшімен су басқан үйлерден мыңға жуық текше метр су сорылды.
Қазығұрт ауданында Қаржан мен Айнатас ауылдарындағы алты аула аумақтарын су басқан. 133 адамды ішінара эвакуациялау жүргізілді. Жергілікті арықтарды тазалау жұмыстары атқарылып жатыр. Ал, Бәйдібек ауданындағы Тұрақты каналына су құйылуы салдарынан үш елді мекендегі 13 аула аумағы су астында қалды. Тұрақты ауылынан 50-ден астам адам көшірілді.
Сайрам ауданында жауыннан пайда болған су тасқыны салдарынан төрт елді мекеннің 53 аула аймақтарында су басса, ал Түлкібас ауданында – Мыңбай ауылының екі аула аймағында су басу жайты орын алды.
Қазіргі уақытта полиция күштері мен ТЖД қызметкерлері су басу орнында авариялық-құтқару жұмыстарын жалғастырып жатыр.