Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысының полицейлері торттың қорабына есірткі жасырған күдіктіні ұстады

Түркістан облысының полицейлері торттың қорабына есірткі жасырған күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасына сайрамдық тұрғындардың бірі есірткі затын сақтайтындығы туралы хабарлама келіп түсті. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 296-бабы (Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) бойынша тіркеуге алынды.

Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Сайрам ауданы Ақсу ауылы көшелерінің бірінен күдікті ретінде бұрын сотты болған жергілікті тұрғынды анықтады. Полиция қызметкерлері ұсталған ер адамнан айғақ ретінде 30 дана газетке оралған есірткі заттын тәркілеп алды. Сонымен қатар күдікке ілінген азаматтың үйін тінту барысында ауласынан бір түп күтіп бапталған есірткі өсімдігі мен үйінің жатын бөлмесіндегі шкафтың үстінен есірткі өсімдігінің сабақтары және торт қорабының ішінен есірткіге ұқсас зат тәркіленіп алынды.

Аталған заттардың барлығына сараптама тағайындалды. Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат жалпы салмағы 3 келіден асатын «марихуана» мен 2 грамға жуық «сора» өсімдігі болып шықты. Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты күдікті азамат қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде. 

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері есірткінің заңсыз айналымы мен таралуына байланысты қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді. Егер де, сіз, осындай қылмыстардың куәсі болсаңыз немесе есірткі құралдарын заңсыз сақтау және өткізу деректері туралы қандай да бір ақпаратты білсеңіз, тез арада полицияға хабарласыңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру