Түркістан облысының полицейлері түнде жалғыз жүрген үш жасар баланы тапты
Түркістан облысының полицейлері түн жарымында жалғыз жүрген үш жасар баланы тауып, оның отбасына аман қайтуын қамтамасыз етті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Күні-түні қызметте жүретін полицейлер, тәуліктің кез келген уақытында орын алатын түрлі келеңсіз жағдайлардың алдын алып жатады. Мысалы, Жетісай АПБ-нің жедел-тергеу тобының қызметкерлері сағат 04:30 шамасында шақырту бойынша келе жатып, М.Әуезов көшесі бойындағы Абай саябағында шамамен 3-4 жастағы кішкентай баланың жалғыз жүргенін байқап қалады. Тәртіп сақшылары бірден әрекет етіп, таң атпай ата-анасының еріп жүруінсіз жүрген ұл баланың жанына барады. Одан не үшін жүргенін, қайда тұратынын сұрағанда, тілі толық шықпаған бала нақты жауап бере алмайды. Содан полицейлер, оны қауіпсіз жерге Жетісай АПБ-не алып келіп, ас-суын беріп, жағдайын жасайды.
Одан ары баланың ата-анасын анықтап, үйін табу мақсатында ол табылған аумақтағы үйлерді жеке-жеке аралап, жасөспірім баланың фотосуретін көрсетіп, іздестіру іс-шараларын жүргізеді. Соның нәтижесінде, баланың туыстарын іздеуге шыққан полицейдің бірі ювеналды полиция тобының инспекторы Нұрдәулет Насирбаев, сағат күндізгі 11:00 шамасында жоғалған баланы іздеп жүрген әйелді жолықтырады. Белгілі болғандай, ол бүлдіршіннің нағашы әпкесі болып шықты.
Тексеру кезінде анықталғандай, үй-іші толық ұйықтап жатқанда оянып кеткен бала, үйінен шығып кеткен. Таңертең анасы ұйқыдан тұрғанда қасында баласы болмағаннан кейін, олар полицейлерге хабарламастан, өздері іздей берген. Өз кезегінде үш жасар баланың әпкесі Фатима Бакбергенова полиция қызметкерлеріне рахметін айтып, алғысын білдірді:
– Сіздерге үлкен рақмет. Бейуақытта жалғыз жүрген баламызды тауып, аман-есен қайтарғандарыңыз үшін. Қазіргі заманда түрлі жағдайлар болып жатыр. Қорқып кетіп едік. Соңы сіздердің арқаларыңызда жақсы аяқталды. Күндіз-түні ұйықтамай, елдің ұйқысының тыныштығын қадағалап жүргендеріңізге мың алғыс!, – деп, шынайы ризашылығын жеткізді.