Түркістан облысының полицейлері ұрлық жасаған 3 жігітті анықтады
Түркістан облысының полицейлері ұрлық жасаған жігіттерді анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан ҚПБ-на жергілікті тұрғын ұрлықтың құрбаны болғаны туралы арызданған. Жәбірленуші азаматшаның айтуынша, түнгі сағат 04:00-дер шамасында өзінің дүкеніне белгісіз біреу терезесін сындырып кіріп, ұрлық жасағанын көрсеткен. 67 дана шылым қорабын ұрлап, 70 мың теңге шығын келтірген. Тәртіп сақшылар аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша СДТБТ-ге тіркеді.
Қылмысты ашу мақсатында полиция қызметкерлері оқиға орнына толық құрамда шығып, жедел тергеу ісіне кірісті. Сол аймақта тұратын тұрғындардан жауап алып, көрген-білгендерден сұрастырды. Дүкен иесінің айтуынша, бір күн алдын 18-19 жас шамаларындағы үш жігіт келіп, дүкен ішінде бейнебақылау камераларының бар-жоғын сұраған. Жәбірленушінің суреттеуі арқылы полицейлердің жедел іздестірулерінің нәтижесінде күдікті ретінде үш жігіттен құралған қылмыстық топ анықталды. Олардың бірі Ақтөбе облысының тұрғыны, қалған екеуі жергілікті тұрғын болып шықты. Сонымен қатар тергеу барысында екі жасөспірімнің кәмелет жасына толмағандықтары белгілі болды. Осыған байланысты заңды өкілдеріне ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы (Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуы) бойынша хаттама толтырылып, қатаң ескерту жасалды. Ал, бір күдіктінің бас шарасы қолхатта. Қазіргі таңда орын алған оқиғаға байланысты тергеу амалдары жалғасуда. Түркістан облысының полицейлері түрлі ұрлықтардың алдын алу мақсатында сауда орындарына, ғимараттарға, үйлеріңізге бейнебақылау камералары мен дабылқаққыштар орнатуға кеңес береді. Ұрлық жайты орын алған кезде, тез арада полицияның «102» телефонына хабарласыңыздар.