Түркістан облысының полицейлері ұялы телефон ұрлығын ашты
Түркістан облысының полицейлері ұялы телефон ұрлығын ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан ҚПБ-ға Қызылорда облысының тұрғыны арызданған. Ол әйелдің айтуынша, қала орталығындағы жұмыс жасап жүрген дәмханасынан «VIVO Y91С» маркалы ұялы телефонын белгісіз азамат ұрлап кеткенін көрсеткен. Жәбірленушіге келтірілген жалпы шығын көлемі 70 мың теңге. Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша СДТБТ-ға тіркеп, қылмыстық істі бірден қозғап кетті.
Бұл ұрлық қылмысы бойынша полицейлер жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді. Жан-жақты тексеру жұмыстарын жүзеге асырып, көрген-білгендерден жауап алды. Бейнебақылау камераларын тексерді, барлық қажетті шараларды атқарды. Соның нәтижесінде небары төрт сағат ішінде жинақталған ақпарат көздері арқылы күдіктінің жеке-басын анықтап, ұстады. Күдікті ретінде қолға түскен жас әйел Кентау қаласының тұрғыны болып шықты.
Тергеу барысында белгілі болғандай, күдікті жәбірленуші жұмыс жасайтын дәмханаға тапсырыс арқылы кондитерлік өнімдер алып келіп жүрген. Сол күні оңай жолмен олжаға кенелмек болып, үстел үстінде тұрған ұялы телефонды айналадағы адамдарға білдіртпестен жымқырып кеткен. Осылайша күдікті әйелдің үйінен айғақты зат ретінде ұялы телефон алынып, заңды иесіне қайтарылды. Күдіктінің бас шарасы «қолхатта». Бүгінгі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Өз кезегінде полиция қызметкерлері ескертеді: Мүліктеріңізге сақ болып, қараусыз қалдырмаңыздар. Адам көп шоғырланған аймақтарда құнды заттарыңызға берік болып, сақтық шараларын жасаңыздар. Егер, сіз, ұрлық қылмысының құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада «102» нөміріне хабарласыңыз.