Түркістан облысының полицейлері заңсыз мал сою фактілерін анықтады
Түркістан облысының полицейлері заңсыз мал сою фактілерін анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы мен жергілікті полиция қызметінің полицейлері, ветеринариялық бақылау инспекторларымен бірлесіп, мал ұрлығының алдын алып, жолын кесуге, сондай-ақ мал сою цехтары қызметінің заңдылығын тексеруге бағытталған профилактикалық іс-шара өткізді.
Іс-шара барысында полицейлер Сайрам ауданының аумағында тиісті рұқсатсыз және құжаттарсыз жұмыс жасаған мал сою фактілерін анықтады. Анықталған бес жергілікті тұрғыннан 6 тоннадан астам ет пен төрт бас ірі қара мал тәркіленді.
Қазіргі уақытта ӘҚБтК-нің 406-бабы (Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасын бұзу) бойынша жиналған материалдар әкімшілік сипаттағы шаралар қабылдау үшін Сайрам ауданы бойынша ветеринариялық бақылау және қадағалау инспекциясына жіберілді.