Түркістан облысының полицейлері жалған вакцина құжатын жасап берген аурухана қызметкерін анықтады
Түркістан облысының полицейлері жалған вакцина құжатын жасап берген аурухана қызметкерін анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазығұрт ауданы ПБ-ға Атырау облысы Полиция департаменті Құрманғазы ауданы полиция бөлімінен қатынас хат келген. Онда Қазығұрт ауданында Атырау облысының тұрғыны вакцинаның жалған құжатын жасатқандығы туралы көрсетілген.
Хабар келісімен қазығұрттық полиция қызметкерлері жан-жақты тексеру жұмыстарын жүргізді. Тәртіп сақшыларының тарапынан жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының барысында қызметтік мүмкіндігін негізсіз пайдалану арқылы төлқұжаттарды қолдан жасаумен және өткізумен айналысқан Қазығұрт аудандық ауруханасының қызметкері анықталып, белгілі болған ер адам ПБ-ға жеткізілді.
Полицейлер аталған жайтты ҚК 385-бабы (Жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлердi, бланкілерді, мемлекеттiк пошта төлемі белгілерін, мемлекеттiк наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткiзу) қылмыстық құқық бұзушылығы бойынша тіркеп, сотқа дейінгі тергеу амалдарына кірісті. Қазіргі таңда оқиғаның толық мән-жайы анықталуда.
Түркістан облысының полиция қызметкерлері азаматтарға заңға қайшы келетін әрекеттер үшін заңмен қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салады.