Түркістан облысының полицейлері «Жас сақшы» сыныбының оқушыларына сабақ өтті
Түркістан облысының полицейлері «Жас сақшы» сыныбының оқушыларына сабақ өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
№28 жалпы орта мектебіндегі батыр полицей Ғ. Байтасовтың атына ашылған полиция сыныбында кездесу өтті. Яғни тәртіп сақшылары оқушыларға жол ережесін толыққанды түсіндіру бойынша дәріс ұйымдастырды.
Жастармен кездесуге Түркістан облысы полиция департаментінің Тәрбие және кадр жұмысы басқармасының бастығы Мақсат Асқаров, Түркістан облысы ІІО мен ҰҰ ардагерлер кеңесінің төрағасы Оспанғазы Жанқожаев арнайы барып, өмірлік азық болар тәжірибелерімен бөлісіп сұқбаттасты.
Полиция жасөспірімдерге көшенің кез-келген жерінен кесіп өтпей, тек арнайы белгіленген жерлермен жүруді және бағдаршамның түстерін, қызметін түсіндіріп өтті.
Сондай-ақ оқушыларды маңызды жол белгілерімен таныстырды. Жолда жүру ережесін қатаң сақтаудың, жаяу жүргінші жолағының, тротуардың қаншалықты маңызды екендігін ұғындырды. Түрлі бейнероликтер арқылы оқушылардың сабаққа деген қызығушылықтарын арттырып, белсенді қатысуларын қадағалады.
Мұндай іс-шаралардың мақсаты – балалардың қатысуымен болатын жол көлік оқиғаларының алдын алу.
Сондықтан полиция ата-аналарға балаларына үнемі жол қозғалысы ережелерін ескертіп, қадағалап отыруға шақырады.