Түркістан облысының полицейлері жасөспірімді тонаған ер адамды қамауға алды
Түркістан облысының полицейлері кәмелет жасына толмаған баланы тонаған ер адамды қамауға алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ордабасы АПБ-ға жергілікті тұрғын арызданып келген. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, ауылдасы кәмелет жасына толмаған баласының ұялы телефонын күш көрсету арқылы алып, ашық түрде жымқырып кеткен. Келтірілген жалпы шығын көлемі 60 мың теңге. Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ҚК-нің 191-бабы (Тонау) бойынша СДТТБТ-ға тіркеді.
Күдіктіні ұстау мақсатында, полиция қызметкерлері жақын маңдағы аумақтарды мұқият аралап, куәгерлерден жауап алып, басқа да қажетті іс-шараларды жүзеге асырды. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері тонау қылмысына қатысы бар күдікті ер адамды «ізін суытпай» қолға түсірді. Ол бұрын ұрлық жасағаны үшін сотты болған жергілікті тұрғын болып шықты. Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша күдікті азамат қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полиция қызметкерлері күдіктінің басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығын тексеруде.
Белгілі болғандай, күдікті азамат кәмелет жасына толмаған баланың көшеде жүргенін көріп, көше бойындағы құрылысы бітпеген үйге алып барған. Содан соң күш көрсетіп телефонын тартып алып кеткен. Қолды болған ұялы телефонды саудагерлердің біріне арзан бағада сатып, ақшасын бас пайдасының қажеттілігіне жұмсаған.
Өз кезегінде, Түркістан облысының полицейлері азаматтарға қырағы болуды және ұялы телефондарды қараусыз қалдырмауды ұсынады. Сондай-ақ, ұрылардың назары көп түсетін қоғамдық орындарда қымбат заттар мен ұялы телефондарды көрсетпеу керек. Егер, сіз, тонаудың немесе бөтеннің мүлкін ұрлаудың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, онда дереу «102» телефоны арқылы полицияға хабарласыңыз.