Түркістан облысының полицейлері «жер алып беремін» деп алаяқтық жасағандарды ұстады
Түркістан облысының полицейлері «жер алып беремін» деп алаяқтық жасағандарды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сайрам АПБ-на жергілікті тұрғындар арызданады. Жәбірленушінің бірінің айтуынша, ол сыныптасынан жер сатып алатын болып, 300 мың теңгесін берген. Алайда арадан бір жылдан астам уақыт өтсе де не жерін алмаған, не ақшасын қайтармаған. Ал екінші жәбірленуші болса, 2019 жылдың қазан айында сырттай танысы «таныстарым бар, 10 соттық жер алып, заңдастырып беремін» деп әбден сендіріп, алаяқтық жолмен 380 мың теңгесін жымқырғанын хабарлады. Аталған жайттар АПБ-ға ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркелді.
Аудандық тәжірибелі полицейлерден құрылған жедел-тергеу тобы тұрғындарды арбауына түсірген алаяқтарды ұстауға қажетті шараларды жасады. Куәгерлерден жауап алу барысында, жинақталған ақпарат көздері арқылы күдіктілердің жеке-басы анықталып, олар аудандық полиция басқармасына жеткізілді. Ұсталған ер адамның екеуі де жергілікті тұрғындар. Олар өз кінәларын толық мойындады. Алаяқтық жолмен алынған ақшаны өз қажеттіліктеріне жаратып жіберген. Бас шаралары «қолхатта».
Қазіргі таңда осы істер бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.Түркістан облысының полицейлері азаматтарға алаяқтардан барынша сақ болуды ескертеді. Кез келген ұсынысты қабыл алмай, толық тексеріп алыңыз деп кеңес береді. Кезексіз, уақытынан бұрын мәселемді шешемін деп ақша беріп, алаяққа алданып қалмаңыз. Егер де сіз, осыған ұқсас қылмыстың куәгері немесе құрбаны болсаңыз, уақыт оздырмай бірден полицейлерге «102» телефоны арқылы хабар беріңіз.