Түркістан облысының полицейлері жергілікті тұрғыннан есірткі затын тәркіледі
Түркістан облысының полицейлері жергілікті тұрғыннан есірткі затын тәркіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сарыағаш АПБ-ның Жергілікті полиция қызметі учаскелік полиция инспекторларының бейнежетондарына күнделікті рейд жүргізу барысында бірнеше жайттар түскен.
Атап айтқанда: Күндізгі сағат 14:30 шамасында Сарыағаш қаласының көшелерінің бірінде өзінің басқаруындағы «Ваз 2107» маркалы РФ-ның есебінде тұратын автокөлігімен келе жатқан жергілікті тұрғын күдік тудырған. Содан соң оны тоқтатып, тексеру жұмыстарын жүргізу барысында, күртешесінің қалтасынан бір дана пакетке оралған өзіне тән хош иісі бар есірткі затын алып жүргені анықталған.
Табылған есірткі заты айғақты зат ретінде тәркіленіп алынып, сараптама тағайындалды. Сот-криминалистикалық сараптаманың қорытындысы бойынша алынған зат кептірілген марихуана болып шықты. Оның жалпы салмағы үш грамға жуық. Қазіргі таңда орын алған оқиғаға байланысты тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктінің бас шарасы қолхатта.
Түркістан облысының полицейлері өз кезегінде азаматтарға есірткі заттарын сақтау және заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын еске салады, сондай-ақ азаматтарды зиянды әдеттерден бас тартуға және салауатты өмір салтын ұстануға шақырады.